Қазақстанның ашық кітапханасы
4
алып сізбенен сөйлесіп, ойнап-күліп отырдым. Сізден басқа һешбір кісіменен Жалмамбет
мырза өлгенінен бері сөйлескенім жоқ. Енді сіз арқылы мырзаның қайғысы менен
көтерілсін, менен хабар болған уақытта менің жаныма келіп жүріңіз. Менім сізді
шақырған лебізімді һәркез жерге тастамаңыз, – деді. – Бұ айтқан жарлығыңызды қабыл
алдық, – деді де, Тарғын батыр қайтып кетті.
Һәр заман Ақжүніс бұ Тарғын батырды уақытыменен шақыртып алып жүрді. Бір замандар
болғанда, бұ қызды бір ханның баласына айттыруға жаушы келді. Сонда Ақшахан қызына
кісі жіберіп сұратты: – Мына айттыруға жаушы келіп жатыр, менен рұқсат, қызымның
өзінің күйеуге барғысы келе ме екен, келмей ме екен? – деп білмек үшін. Сонда қызы
айтты: – Әкем маған үш күн фұрсат берсін, – деді. Қыз бұл үш күн ішінде Тарғын
батырды шақыртып алды да, Тарғынға айтты: – Мына мені бір хан баласына айттыруға
жаушы келіп жатыр екен. Әкем мені ол ханның баласына бермекші болып, менен рұқсат
сұрай маған кісі жіберіпті. Мен ондай хан баласына таңсық емеспін, өзім де хан
баласымын, сұлуға таңсық емеспін, өзім де сұлумын. Мен сондай кісіге барамын, кімнің
бақыты зор болса, – дейді. Енді мені осындай кісіге қор қылғанша, егерде батыр екенің
рас болса, сен мені ал да қаш, мен саған тиемін, сенен басқа һеш кісіге тимеймін, көңілім
бек саған ауды. Егерде маған келмесең, мен шыдап тұра алмай, сенің қайғыңнан өлемін, –
деді.
Онан Тарғын бұ қызды Ақшаханның қанаты «қара» дейтұғын бір жорғасына мінгізді де,
алды да қашты. Үш күн кетті, үш күннен соң, хан қызының қарауылшы құлдары
Ақшаханның бір қазысына барып хабар берді: – Солай ханның қызы Ақжүніс сұлу
сарайында жоқ, қашып кетіпті. Білмейміз, кімменен қашқанын, – дейді. Онан қазы барып
Ақшаханға хабар беріп еді. Хан айтты: – Ол жалғыз қашқан жоқ шығар, бір жігітпенен
қашқан-ды, жігіттерді түгендеңіз, – деді. Жігіттерді түгендеп қараса, Тарғын батыр жоқ
болды. Сонан соң ханға хабар берді. «Солай, Тарғын батыр жоқ», – деп. Сонда хан айтты:
– Мұнда оның ру-туғаны жоқ, өз жұртынан қашып келген жігіт еді. Ол жоқ болса, алып
қашып кеткен-ді, – деді. Онан соң өзіне қараған бүтін ел-жұртын жиды да, һүкім айтты: –
Мен бұ қызымның ол қырғызбен кеткеніне риза емеспін, ол қара кісі еді, қызым кетсе
керек еді хан баласыменен, сүйек қорлап қара кісіменен кетті, сол қызымды кім қуып
жетіп айырса, сол кісі алсын! құй бай болсын, құй ол жарлы болсын, құй жас болсын, құй
қарт болсын, тек кім айырса сол алсын, егерде қуып жетіп өлтірсе, құны жоқ болсын. Тек
Тарғыннан айырыңыз да, өзіңіз алыңыз, – деді. Оның үшін қызыма бек қатты көңілім
қалып өкпеледім, соның үшін айтамын, – деді.
Хан солай деген соң, жұрт қуды, бір мырза екі атпенен, бір мырза үш атпенен, тапқан кісі
атын жетелей берді, бір атым болдырса да бір атпенен қуып жетермін деп, әскер былай
далаға шыққан соң жиылып кеңесті: – Біз мұны қусақ та, ол бізге бермес, оны ала
алмаспыз, – деп, егерде қаһары келсе біздерге қырғын таптырар, – деді де, жұрт қорқып,
қумай үйлеріне қайтты. Сол қуарға шыққан кісілердің ішінде алпыс беске келген бір қарт
кісі бар еді, бір-ақ сол қайтпай қалды: – Мен үйден бір қуамын деп шыққан соң, қумай
үйге қайтып барғаным да өлім, қуып барып өлгенім де бір өлім, мен қайтпаймын, қуамын,
қазам жетсе өлермін, шамам келсе ол қызды алармын, – деді де, қуып кетті. Бұл қуып
жетіп келе жатқанда, кетіп бара жатқан Тарғынның астындағы Тарлан аты пысқырды. Ол
ат артынан бір жау келе жатқанда пысқыратын еді. Тарғын аты пысқырған соң, артына
қараса, артында бір жалғыз кісі келеді екен.
Сонда Тарғын сөйледі,
Сөйлегенде не дейді: