Қазақстанның ашық кітапханасы
2
Бабалар сөзі
ЖҮЗ ТОМДЫҚ
ЕР ТАРҒЫН
Ертеде қырғыз заманында бір Тарғын деген батыр өзінің қырғыз халқынан кісі өлтіріп,
ханына қылмысты болып қашыпты. Қашып келіпті қырық сан Қырым жұртына. Ол
уақытта Қырымда қырық мың мешіт бар еді, қырық ханы бар еді. Сол ханының үлкені
Ақшахан деген еді. Сол ханның қол астына келіп кірді. Сонда ел арасында жүрді. Бір
талай заман болды, айдан айлар өтті, һешбір кісі мұның батыр екенін білмеді, тек қонақ
болды да жүрді. Ол уақытта Қырым жұртының арғы жағында бір жауы бар еді. Он сан
Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт деген ханның елі еді. Олалай, Бұлалай деген ноғайда көп
батырлар өтсе де, Олалай, Бұлалайдың елін бұрын алғандары жоқ еді.
Бұл уақытта Ақшахан талап етіп аттанды, неше мың шерік әскер болып, сол Тарғын
аттанған әскерлеріменен бірге аттанып кетті, һешбір кісі де оған жүр деп айтпай-ақ.
Ол Тарғынның ол әскердің ішінде екенін тағы да һешкім білмеді. Бұл аттанған әскер
Торғауытқа барып жетті. Бұлар барып жеткен соң, Торғауыт халқынан шың қағылып,
барабан соғылып, неше мың көп әскер жиылып, соғыс қылды. Жер жүзіне қан сел болды.
Олай болса да, һешбір бұзып ала алмады. Алмаған себебі, қамалдың ішіне кіре алмады,
сыртында тұрып ұрыс қылды. Ол уақытта Тарғын батыр ұрысқан жоқ еді, һешбіреуі де
мұны танып «соғысқа бар» деп айтпаған соң, енді Ақшахан көп кісілерін өлтіріп,
Торғауытты ала алмай, кері жұртына қайтпақ болды.
Ақшахан жұртына қайтпақ болып тұрғанда:
Тарғын сынды батырың
Қайтарын жұрттың біледі,
Алладан пәрмен тіледі.
Құйысқанын қысқартып,
Екі айылын бек тартып,
Енді атына мінеді.
«Өлгенім жақсы, Құда деп,
Тоғыз сандай Торғауыт,
Он сандай Оймауыт
10
Барабан соғып, шың қағып,
Алдымнан әскер жүргізіп,
Бұйым болды бұ да» деп,
Алдалап батыр шабады.
«Жалғыздың жары – Құда» деп,
Сары ала туы салбырап,
Шапты батыр тебініп,
Жалмауыздай емініп.
Сырттағы жүрген әскерге
Қарамайды бұл батыр,
20
Ішкі қамалға кірді желігіп.