Қазақстанның ашық кітапханасы
136
Біз бір ғана мақсатты - ғылым мен сенім арасындағы, көбіне тым мардымсыз болатын су
айрықты көрсетіп, әлеуметті-экономикалық танып-білудің мағынасы неде екенін түсінуге
жәрдемдесу мақсатын көздеген толғамымызды аяқтап қалдық. Эмпиристік білім
атаулының объективті маңыздылығы мынада - және тек қана сонда, - аталмыш нақты
болмыс категориялар бойынша әлдене өзіндік ерекше мағынада субъективті реттеледі,
өйткені, біздің біліміміздің алғышартын құрай отырып, олар бізге тек тәжірибелік білім
ғана бере алатын ақиқат құндылығы алғышартымен байланысты. Бұл ақиқат құнды болып
көрінбейтін адамға (ғылыми ақиқаттың құндылығына сенім тіпті де табиғат берген
қасиеттен өзгеше, белгілі бір мәдениеттің жемісінен басқа ештеңе емес қой), біздің ғылым
құралдарымен біз ештеңе ұсына алмаймыз. Айтпақшы, ол мынаны - эмпириялық нақты
болмыс болып табылмайтын және оны бейнелемейтін, бірақ оны ойша жақсылап реттеуге
мүмкіндік беретін, тек сол ғана бере алатын ұғымдар мен пікірлерді табуда ғылымды
алмастыра алатын басқа ақиқатты босқа іздейтін болады. Мәдениет туралы эмпириялық
әлеуметтік ғылымдар саласында оқиғалар тасқынындағы біз үшін елеулі нәрсені танып-
білу, біз көргеніміздей, сайып келгенде құндылықтар идеясымен салғастырыла алатын
өзінің ерекшелігінде айрықша көзқарастарды тұрақты пайдаланумен байланысты, ол
көзқарастар, адамның парықталған қарекеттерінің элементтері болғандықтан, эмпириялық
констатация мен бастан өткеруге жол береді, бірақ өзінің маңыздылығын эмпириялық
материалмен негіздеуге жол бермейді. Әлеуметтік ғылымдар саласындағы танымның
"объективтілігі" мынамен сипатталды: тек көрсетілген ғылымдардың танымдық
құндылығын жасайтын, сол танымның маңыздылығын түсінуге мүмкіндік беретін, бірақ
олардың эмпириялық жолмен беріле алмайтын маңыздылығының дәлелі кызметін атқара
алмайтын құндылықтық идеялармен әрқашан салғастырылады. Біздің бірімізге әйтеуір бір
пошымда тән, біз өзіміздің болмысымыздың мағынасын көретін ақтық аса асқақ
құндылықтық идеялардың эмпириядан жоғары маңыздылығына сенім нақты болмысқа
нақты көзқарастың ұшы-қиырсыз өзгеріп отыруын шығарып тастау былай тұрсын, қайта
оны өзіне қосып алады. Өзінің иррационалдық нақты болмысындағы өмір және онда бар
ықтимал сәндер санап таусылмайды, сондықтан құндылыққа жатқызудың нақты
пошымдары тұрақты бола алмайды, адамзат мәдениетінің қараңғы болашағына кететін
мәңгілік өзгерістерге бейім. Ондай аса асқақ құндылықтар шашатын сәуле уақыт арқылы
зырлап өтіп жататын оқиғалардың сұмдық бытысқан тасқынының ұдайы өзгеріп
отыратын ақтық байланысына түседі.
Осының бәрінен, әрине, әлеуметтік ғылымдардың міндеті жаңа көзқарастар мен ұғымдық
конструкцияларды үздіксіз іздестіруде жатады-мыс деген жалған қорытынды шығармау
керек. Керісінше, біз үзілді-кесілді мынаны атап көрсетеміз: ұғымдарды жасаудың және
оларды сынаудың басты мақсаты - (басқа құралдармен бірге) нақты тарихи
байланыстардың мәдени мәнін танып-білуге қызмет ету. Әлеуметтік нақты болмысты
зерттеушілердің арасында сондай-ақ "фактылар жақтастары" мен "мағына жақтастары"
бар (Ф. Т. Фишердің терминологиясы бойынша). Олардың біріншілеріне тән фактыларға
тойымсыз құштарлық тек актылардың материалдарымен, статистикалық кестелердің
қалың-қалың томдарымен және анкеталармен қанағаттандырыла алады - жаңа идеялардың
нәзіктігі олардың түйсінуінен тыс жатыр; ойлау жүйесінің ұшқырлығы екінші топ
жақтастарын барған сайын "дистилляцияланған" ойларды үздіксіз іздестіру салдарынан
фактыға талғамнан айрылуға апарып соқтырады. Шынайы шеберлік - тарихшылар
арасында, мысалы, Ранке, сондай асқан шеберлікке не еді - әдетте белгілі фактылар жақсы
белгілі көзқарастармен жалғастырыла алатынын және сонымен қатар жаңа бірдеңе
жасалатынынан, нақ содан көрінеді.
Мамандандыру заманында мәдениет туралы ғылымдар заманындағы жұмыс мынаған
саяды: проблеманы көлденең тарту арқылы материалды бөліп алып және өзінің