Page 121 - ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ 3

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
121
еместігі туралы пікірлерден біржола бас тартамыз. Мысалы, осы заманғы " абстрактты
теорияны" қай шекке дейін талдап әзірлеу керектігі туралы мәселе шындап келгенде
сондай-ақ басқа проблемаларды да шешуге бағытталған ғылыми жұмыстағы үнем
мәселесі болып табылады. "Барынша пайдалылық теориясы" да "барынша пайдалылық
заңына" бағынышты ғой.
Абстрактты экономикалық теориядан біз әдетте тарихи құбылыстардың "идеялары" деп
аталатын синтездер үлгісін табамыз. Аталған теория бізге еркін бәсеке және қатаң ұтымды
құлық тұсында тауар-ақша шаруашылығында базарда болатын процестердің мінсіз
картинасын береді. Осынау ойша бейне тарихи өмірдің белгілі бір байланыстары мен
процестерін ойша байланыстардың ішкі қайшылықтары жоқ әлдене ғарышымен
ұштастырады. Аталмыш конструкция өзінің мазмұны жағынан нақты болмыстың белгілі
бір элементтерін ойша күшейту арқылы алынған утопия сипатына ие болады. Шын
өмірдің эмпириялық жолмен алынған фактыларына қатынасы төмендегіден құралады:
аталған конструкцияда абстрактты көрсетілген байланыстар, яғни базармен байланысты
процестер әйтеуір бір дәрежеде маңызды нәрсе ретінде анықталған немесе нақты
болмыста солай деп топшыланатын кездерде, біз оларды мінсіз типпен салыстыра
отырып, прагматикалық мақсатпен сол байланыстардың өзіндік ерекшелігін көрсетіп,
түсіндіре аламыз. Мұндай әдіс эвристикалық, ал құбылыстың шынайылығын анықтау
үшін тіпті қажет те болуы мүмкін. Зерттеуде мінсіз-типтік ұғым - нақты болмыс
элементтерін каузалдық тоқайластыру туралы дұрыс пікір шығарудың құралы. Мінсіз тип
- "гипотеза" емес, ол тек гипотеза жасау қай бағытта жүргізілуі тиістігін көрсетеді. Ол
нақты болмыстың бейнесін де бермейді, бірақ сол үшін бейнелеудің бір мәнді құралдарын
береді. Демек, біздің алдымызда осы заманғы қоғамның тарихи аталмыш шаруашылық
ұйымы "идеясы" түр, ол "генетикалық" принцип ретінде, мысалы, орта ғасырларда "қала
шаруашылығы" конструкцияланған логикалық принциптермен айна-қатесіз бірдей
принциптермен жасалған. Мұндай конструкцияда "қала шаруашылығы" ұғымы зерттелген
барлық қалаларда байқалған нақты болмыстағы барлық шаруашылық принциптері
жиынтығының ортақ көрінісі ретінде ғана емес, сондай-ақ мінсіз тип түрінде жасалады.
Ол бір немесе бірнеше көзқарастарды біржақты күшейту және сол біржақты бөлініп алған
көзқарастарға сәйкес келетін, сөйтіп біртүтас ойша бейнеге айналатын диффузиялық та
дискретті түрде болатын көптеген жеке-дара құбылыстарды (бір жағдайларда олар
көбірек, екінші жағдайда азырақ, ал кейбір жерлерде тіпті болмауы мүмкін) біріктіру
арқылы жасалады. Нақты болмыста мұндай ойша бейне оның ұғымдық таза күйінде еш
жерде эмпириялық жолмен анықталмайды; бұл - утопия! Тарихи зерттеудің міндеті әрбір
жеке жағдайда нақты болмыс сондай ойша бейнеге қаншалықты жақын немесе алыс
екенін, демек, белгілі бір қаланың экономикалық қатынастарының сипаты "қала
шаруашылығы" ұғымына жақын деп қай шамада санауға болатынын анықтауда. Осынау
ұғымды абайлап қолданғанда, ол зерттеудің мақсаты мен көрнекілігіне жетуге өзіндік бір
түрде жәрдемдеседі. Дәл содан айнымайтын әдістің көмегімен (тағы бір мысал келтірейік)
утопия түрінде "кәсіп идеясын" да жасауға болады, ол үшін барынша әрқилы дәуірлер мен
халықтардың қолөнершілерінде диффузиялық түрде кездесетін белгілі бір нышандарды
біртүтас, кереғарлықтан ада мінсіз бейнеге біріктіріп, оларды соларда білдірілген ойша
құрылыммен салғастыру керек. Одан әрі, шаруашылық, тіпті бүкіл діни қызметтің барлық
салалары мінсіз типке дейін жеткізілген "кәсіптің" негізіне алынған принципті қолдану
нәтижесі болып табылатын максимаға бағындырылған қоғамның суретін салып шығуға
болады. Одан әрі, "кәсіптің" мінсіз типіне, осы заманғы ірі өнеркәсіптің белгілі бір
нышандарын абстракциялай отырып, антитезис ретінде капиталист шаруашылықтың
мінсіз типін қарсы қоюға, және содан кейін "капиталистік" мәдениеттің, яғни жеке
капиталды жұмсай білу мүддесі ғана үстемдік ететін мәдениет утопиясының суретін
салуға тырысып көруге болады. Онда осы заманғы мәдениет шеңберіндегі материалдық