Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ
Ганс МОРГЕНТАУ
ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САЯСАТ
(1904-1982) Халықаралық қатынастар саласындағы американдық саяси ойдың классигі.
Германияда туған. 1932 жылы Женевада Халықаралық зерттеулер институтында
диссертация қорғап, философия докторы болды. 1937жылы еврейлерге қарсы
жүргізілген фашистік қуғыннан АҚШ-қа қашып барып (1943 жылы американ
азаматтығын алды), өмірінің ақырына дейін сонда турды. Оның ғылыми және
профессорлық қызметі Чикаго университетімен байланысты; мұнда ол 20 жыл Сыртқы
және ішкі саясатты зерттеу жөніндегі орталықты басқарды. Моргентау - "саяси
реализм" мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Оның идеяларын Моргентау өзінің 1948
жылы АҚШ- та жарық көрген және 20реттен артық қайта басылған "Халықаралық
саясат" атты іргелі еңбегінде мейлінше жүйеленген түрде жазып қалдырды.
"Халықаралық саясат " американ университеттері мен колледждерінде міндетті оқу
құралына айналды.
[...] Саяси реализм былай дейді: тұтас алынған қоғам секілді саясат та тамыры адам
табиғатында жатқан объектива заңдармен басқарылады. Қоғамды жетілдіру үшін бірінші
кезекте ол ұстанатын заңдарды түсіну керек. Бұл заңдар біздің нені тәуір көретінімізге
меңіреу күйінде қалып, өз бетінше қарекет етеді, адам оларға тек оңбай кету тәуекелімен
ғана қыр көрсете алады.
[...] Әлемдік саясаттың бүкіл ландшафтында саяси реализмді бөліп тұратын басты белес -
күш [ықпал] терминдерімен анықталатын мүдде тұжырымдамасы. Бұл тұжырымдама
халықаралық саясат негізінде жатқан сарындар мен зерттелетін фактылар арасындағы
байланысты түсіну мүмкіндігін береді. Ол саясатты экономикадан, этикадан, эстетикадан
және діннен бөлек дербес қарекет өрісі ретінде бөліп алады. Мұндай тұжырымдамасыз
ішкі де, сыртқы да саясат теориясы мүлде мүмкін болмас еді, өйткені біз саяси және
бейсаяси фактылар арасында айырмашылық жүргізе алмас едік, саясат саласына
мысқалдай болса да жүйелі реттілік енгізе алмас едік.
[...] Күш [ықпал] терминдерінде анықталатын мүдде тұжырымдамасы байқаушыны пакты
болмысты ой елегінен өткізуде белгілі бір реттілікті ұстануға, саяси ғылымның саясатты
теориялық ой елігінен өткізуін мүмкін ететін ұтымдылық енгізуге мәжбүр етеді. Ол
сыртқы саясатта таң қаларлық тұтастықты анықтайды; осылайша, өздігінен - ақ дәйекті
американ, британ немесе ресей саясаты, бірін-бірі ауыстырып жататын мемлекет
қайраткерлерінің әрқилы сарындарынан, ұнасымдарынан, интеллектуалдық және
моральдық қасиеттерінен тәуелсіз, оқиғалардың ұтымды, түсінікті тізбегі ретінде көрінеді.
Осылайша, халықаралық саясаттың реалистік теориясы екі тұрпатты қателіктің: түрткі
болатын сарынға және идеологиялық ұнасымдарға шұқшиюдың алдын алады...
[...] Осы пікірлерді "күш" ұғымына да телуге болады. Оның мазмұны, пайдалану сипаты
саяси және мәдени тіндерден туындайды. Күш бір адамға басқа адамның қадағалау
орнатып, соны қолдап отыруына байланысты нәрсенің бәрін білдіре алады. Ол, осылайша,
бір парасаттың басқаларға билік жүргізуіне мүмкіндік беретін физикалық зорлықтан ең
нәзік психологиялық байланыстарға дейін, осынау мақсатқа қызмет ететін барлық
әлеуметтік қатынастарды қамтиды. Күш, ол моральдық пиғылдар мен конституциялық
шектеулер (батыс демократияларындағыдай) арқылы реттелген кезде де, тек төл