Қазақстанның ашық кітапханасы
бөлігі болған емес. Ресей көшбасшыларының миында жаулап алу қажеттігі мен
қауіпсіздік талаптары бір нәрсеге айналып кеткен. Вена конгресі заманынан бері Ресей
империясы өз әскерлерін шетел аумақтарына басқа ірі елдердің қайсысынан болсын
әлдеқайда жиі жұмсаған болатын. Сарапшылар орыс экспансионизм қауіпсіздіктің
жоқтығы түйсігінен туындайтын нәрсе деп жиі түсіндіреді. Алайда орыс жазушылары
Ресейдің өз шекараларын кеңейтуге ұмтылуын оның мессиялық парызымен ақтағысы
келеді. Ілгері жылжи отырып, Ресей шама сезімін сирек көрсететін; қарсылыққа
кезіккенде ол әдетте түнеріңкі ызаға бой алдыратын. Өз тарихының едәуір бөлігінде Ресей
өзін танытуға тырысатын жұмбақ дүние болатын. Коммунизмнен кейінгі Ресей тарихи
үлгісі жоқ шекарада қалып қойды. Еуропа сияқты ол да күш-қуатының айтарлықтай
бөлігін өзі мәнісін қайта пайымдау ісіне жұмсауға мәжбүр болады. Ол өзінің тарихи
ырғағын қалпына келтіруге және айырылып қалған империясын қайта құруға талпына ма?
Бар салмағын шығысқа қарай ауыстыра ма, сөйтіп азиялық дипломатияға белсендірек
қатыса ма? Өз шекараларына таяу жерлердегі, әсіресе аумалы-төкпелі Орта Шығыстағы
бұлғақтарға ол қандай принциптерге сүйеніп және қандай әдістермен жауап беретін
болады? Ресей әрқашан әлемдік тәртіптің етене құрамдас бөлігі болады және сонымен бір
мезгілде қойылған сұрақтарға жауап берудің салдарынан міндетті түрде болатын
дүрбелендерге байланысты оған қатер төндіреді.
Қытай да өзі үшін жаңа әлемдік тәртіппен бетпе-бет келді. Екі мың жыл бойы Қытай
империясы өз әлемін императордың жеке-дара билеуінің аясына біріктірген болатын.
Шынына келгенде, бұл тәртіп оқта-текте өзінің әлсіздігін де байқатып қалатын. Қытайда
соғыстар Еуропадағыдан кем болмайтын. Бірақ олар әдетте император тағына дәмегөйлер
арасында жүретін де, көбіне сыртқы соғыстан гөрі, азаматтық соғыс сипатына ие болатын,
сол себепті ерте ме, кеш пе, бәрібір жаңа орталық биліктің пайда болуына сөзсіз апарын
соғатын.
XIX ғ. басына дейін Қытайда ешқашан оның артықшылығына дау келтіретін көрші
болмады, ол тіпті мұндай мемлекет пайда болуы мүмкін екендігі туралы ойланбайтын да.
Сырттан келетін жаулап алушылар қытай әулеттерін тек Орталық патшалықтың
дәстүрлерін жалғастыра алатындай дәрежеде қытай мәдениетімен қосылып кету үшін ғана
құлататын сияқты болушы еді. Қытайда мемлекеттердің егемендік тендігі туралы ұғым
болмайтын; оның шекарасынан тыс тұратындардың бәрі варварлар болып саналатын да,
оларға тек болашақ салық төлеушілер ретінде қарайтын, - XVIII ғ. Пекинде тұңғыш
британ елшісі нақ солай қабылданды. Қытай шетелге елшілер жіберуді өзіне намыс
санайтын, бірақ алыс елдердегі варварларды көрші варварларды талқандау үшін
пайдалануды намыс көрмейтін. Дегенмен бұл еуропалық тепе-теңдікке ұқсас күнделікті
жұмыс істейтін жүйе емес, төтенше жағдайларға арналған стратегия еді, сол себепті де
Еуропаға тән тұрақты дипломатиялық механизм тудырмады. XIX ғ. Қытай еуропалық
отарлаудың қорлау объектісіне айналғаннан кейін, тек таяуда ғана, екінші дүниежүзілік
соғыстан соң, көп полюсті дүниеге кірді, ал бұл оның тарихында бұрын болмаған жағдай.
Жапония да өзін сыртқы әлеммен байланыстыратын дүниенің бәрінен бөліп тастап
отырды. 1854 жылы оны коммодор Мэтью Перри зорлықпен "ашқанға" дейін, 500 жыл
бойы Жапония бір-біріне қарсы тұрған варварлардың арасында күштер тепе-теңдігін құру
немесе Қытай сияқты салық төлеушілер табу туралы мүлде ойланған емес. Сыртқы
әлемнің бәрінен оқшауланған Жапония өзінің бірегей қайталанбас салт-дәстүрлерін
мақтан тұтты, азамат соғыстарында өзінің әскери дәстүрлерін сақтады және өзінің ішкі
құрылымын оның аса жоғары дәрежелі өзіндік мәдениеті шетел ықпалын қабылдамайды,
одан жоғары тұр және түптің түбінде оны қабылдағанша, оны жойып тынады деген
сенімге негіздеді.