Қазақстанның ашық кітапханасы
жақсы немесе жаман жүзеге асырылса да, мемлекет үшін орасан зор маңызы болғанымен,
атқарушы билікке қарағанда, өзінен бұрынғы тұрақты оң заңдарды басшылыққа алуға
қабілетсіздеу; сондықтан ол қажеттілігіне қарай, қоғамның игілігіне бағытталуы үшін,
кімнің қолында болса, солардың естілігі мен даналығына берілуі керек. Өйткені
бодандардың өзара қарым-қатынасы жөніндегі заңдар олардың қарекеттерін басқаруға
бағытталған және олардан бұрын қабылдана алады. Бірақ, шетелдіктерге қатысты
жасалмақ нәрсе, көбінесе олардың істеріне және ойлары мен мүдделеріне қатысты
болатындықтан, мұны көп жағдайда бұл билік сеніп тапсырылғандардың өнері
мемлекеттің пайдасына ең озық нәрселерді басшылыққа алуы үшін, олардың естілігіне
сеніп тапсыруы керек.
148. Әрбір қоғамдастықтағы атқарушы және федерациялық билік шын мәнінде, мен
айтқандай, бір-бірінен өзгеше болса да, оларды бір мезгілде бөліп, әртүрлі адамдардың
қолына берген жөн бола қоймас? Өйткені бұл екі өкімет те өздерінің жүзеге асырылуы
үшін қоғамның күштерін талап етеді ғой, сондықтан да мемлекеттің күшін әртүрлі және
бір-біріне бағынбайтын қолда шоғырландыру немесе атқарушы және федерациялық билік
тәуелсіз қарекет жасай алатын адамдардың қолына сеніп тапсырылатын жағдай жасау
мүмкін емес дерлік нәрсе, олай етілсе қоғамның күші әртүрлі басшылықтың қарамағында
болады да, мұның өзі ерте ме, кеш пе тәртіпсіздік пен құрып кетуге апарып соқтырады.
XIII тарау
Мемлекеттегі өкіметтердің бір-біріне бағыныштылығы туралы
149. Өзінің базисіне сүйенетін және өзінің төл табиғатына сәйкес қарекет жасайтын, яғни,
қоғамдастықты сақтау үшін қарекет жасайтын конституциялық мемлекетте небәрі бір-ақ
жоғарғы өкімет, атап айтқанда, қалғандарының барлығы бағынатын заң шығарушы өкімет
бола алса да, заң шығарушы өкімет небәрі белгілі бір мақсаттар үшін қарекет жасауға тиіс
сенім білдірілген өкімет қана, сондықтан да халық заң шығарушы өкімет көрсетілген
сенімге кереғар қарекет жасайтынын көрсе, халықта бұрынғысынша заң шығарушы
органды жою немесе алмастырудың жоғарғы билігі қалады. Өйткені сенім негізінде
берілген барлық билік бір мақсатқа қол жеткізуге арналады және осы мақсатпен
шектеледі; ал осы мақсатты анық елемейтін болса немесе оған қарсылық көрсетсе, онда
қажетіне қарай сенім қайтарылып алынуы тиіс, сөйтіп билік, оны бергендерге қайтады,
және олар өздерінің қауіпсіздігі мен игілігі үшін қалай жақсырақ болады деп есептесе,
солай жаңадан орната алады. Осылайша, қоғамдастық өзін кімнің де болсын, тіпті өзінің
заң шығарушыларының да (олар соншалық ақымақ немесе боданының бостандықтары
мен меншігіне қарсы қаскүнемдік ұйымдастырып, оны жүзеге асыратын соншалық қара
ниетті болған жағдайларда) қастандықтары мен арам пиғылдарынан құтқару үшін
жоғарғы билікті тұрақты сақтап қалады. Өйткені бір де бір адамның, немесе бір де бір
адамдар қоғамының өзінің амандығын немесе, демек, оның құралдарын басқа біреудің
абсолютті еркі мен деспоттық үстемдігіне беру билігі жоқ: әлдебіреу оларды осындай
құлдық ахуалға жетелегісі келетін кезде, олар өздерінің айырылуға хақысы жоқ нәрсесіне
құқығын, сондай-ақ өздері сол үшін қоғамға кірген осынау өзін-өзі сақтаудың негізгі
қасиетті де айнымайтын заңына қол сұғушылардан өзін құтқару құқығын әрдайым сақтап
қалады. Осылайша, бүл тұрғыда қоғамдастықты әрдайым жоғарғы билік деуге болады,
бірақ басқарудың қандай да бір пошымы болған кезде оны сондай деп санауға болмайды,
өйткені, халықтың бұл билігі үкімет таратылғанға дейін жүзеге асырыла алмайды.
150. Басқару бар кездің барлық жағдайында да заң шығарушы билік жоғарғы билік болып
қала береді. Өйткені басқалар үшін заң шығара алатын нәрсе олардан биік болуға тиіс қой;