Қазақстанның ашық кітапханасы
Ондай қоғамға жетудің ең қарапайым, ең табиғи тәсілі — ол ұяда ананың (монархияның)
болуы. — Бірақ ондай ұялардың көп саны бір-біріне жақын тұрған жағдайда, олар
жыртқыш бал аралары сияқты, өзара жауласа бастайды (соғыс), бірақ, адамдар сияқты, өз
ұясын басқалармен біріктіру арқылы күшейту үшін емес — бұл жерде біздің
ұқсастығымыз аяқталады, — ал тек қана қулықпен немесе күшпен өзгелердің еңбегін өз
пайдасына жарату үшін. Әрбір халық өз көршісін жаулап алу арқылы күшеюге тырысады;
және де кеңеюге құмарлықтан немесе өзгелерден озып кетпесе, оларға бағынышты болу
қорқынышынан туындаған, біздің тегіміздің шегіндегі ішкі және сыртқы соғыстар,
қаншалықты ғаламат жамандық болса да, дегенмен, тұрпайы табиғи жағдайдан азаматтық
жағдайға өтуге түрткі болады; олар қарама-қарсы бағытталған күштер бір-біріне түйісу
арқылы кедергі жасаса да, басқа серіппелерінің итеруінен немесе қозғалуынан ұзақ уақыт
бойы дұрыс қозғалысын сақтайтын құдірет механизмі сияқты.
2)
Еркіндік және (еркіндікті шектейтін) заң — бұл солардың төңірегінде азаматтық
заңнама қызмет ететін қос өзек. Бірақ заң күшке ие болып, жай ғана жарнама болмауы
үшін, оған бір орташа нәрсе, атап айтқанда, еркіндікпен және заңмен қосылғанда, осы
принциптердің табысты болуын қамтамасыз ететін мәжбүрлеу қосылуы тиіс. — Алайда,
мәжбүрлеудің олармен төрт түрлі байланысын тұспалдауға болады, олар:
A.
Мәжбүрлеусіз заң мен еркіндік (анархия).
B.
Еркіндіксіз заңмен мәжбүрлеу (деспотизм).
C.
Еркіндікпен заңсыз мәжбүрлеу (варварлық, жабайылық).
D.
Еркіндікпен және заңмен мәжбүрлеу (республика).
Осы аталғандардың соңғысы ғана нағыз азаматтық құрылыс атауына лайық екендігі анық;
бұл орайда үш мемлекеттік нысанның біреуі меңзеліп тұрған жоқ (демократия);
республика дегенде жалпы мемлекетті түсінеді; және salus civitatis (civium емес) suprema
lex esto деген көне сөз сезімталдықтан бастау алатын қоғам игілігі (азаматтардың бақыты)
мемлекеттік құрылыстың ең биік принципі болуы тиіс дегенді білдірмейді; өйткені әркім
өзінің жеке бейімділіктеріне қарай өзінше ұғынатын қамсыздық жалпыға бірдейлікті
қажет ететін объективті принцип болуға жарамайды ғой; бұл сентенция пайымнан бастау
алатын игіліктің, [яғни] қолданыстағы конституцияны сақтаудың жалпы азаматтық
қоғамның ең жоғарғы заңы болып табылатындығын білдіреді, өйткені бұл қоғам осы
конституцияның арқасында ғана өмір сүріп жатыр.
Барлық дәуірлер мен барлық халықтардың тәжірибесінен белгілі болатын тек мінезі
мынадай: ұжымдық түрде (жалпы адам баласы ретінде) алынған адамдар әр уақытта
немесе бір уақытта өмір сүріп, бір-бірімен бейбіт қарым-қатынассыз жүре алмайтын,
бірақ, дегенмен, бір-біріне үнемі қарсы әрекет етуден құтыла алмайтын көптеген адамдар
болып табылады; демек, олар табиғат өздерін үнемі ала ауыздық қаупі төніп тұрған бірігу
үшін, бірақ, жалпы алғанда, өздері шығарған заңдарды басшылыққа ала отырып, өзара
мәжбүрлеу жолымен бүкіл әлемдік - азаматтық қоғамға (cos- mopolitismus) бет алатын
бірігу үшін жаратқан деп сезінеді; бірақ бұл өзінше қол жетпейтін идея негізгі принцип
(адамдардың ең белсенді әрекеті мен қарсы әрекеті жағдайында бейбітшілік болуын күту)
емес, тек қана ондай қоғамға деген табиғи үрдістің болуының негізсіз емес екендігін
болжай отырып, адамзаттың түпкі мақсаты ретінде ол идеяға ықыласпен берілуді
реттеуші принцип.