Page 2 - ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА. ПРАГМАТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ АНТРОПОЛО

Basic HTML Version

Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК ФИЛОСОФИЯЛЫҚ МҰРА
И. КАНТ
ПРАГМАТИКАЛЫҚ ТҰРҒЫДАҒЫ АНТРОПОЛОГИЯ
Аударған Ж. Ільясов
Бірінші бөлім
АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ДИДАКТИКА.
АДАМДАҒЫ ІШКІНІ ДЕ, СЫРТҚЫНЫ ДА ТАНУ
Бірінші кітап
ТАНЫМДЫҚ ҚАБІЛЕТ ТУРАЛЫ
Өзін-өзі саналы түрде түсіну
§ 1. Өзінің Мені туралы түсінігі болу мүмкіндігі, адамды жер бетінде мекендейтін барлық
тіршілік иелерінен шексіз биікке көтереді. Осының арқасында ол тұлға, және басынан
өтетін өзгерістер кезінде де, санасы үзілмей тұтас болатындықтан, ол сол бір тұлға, яғни
қалай болса солай қарауға да, иелік етуге де болатын заттар сияқты хайуандардан өзінің
орны мен мәртебесі жағынан мүлдем ерекше тіршілік иесі.
Адам мен сөзін айта алмайтын кезде де, бұл ақиқат нәрсе; себебі ол сөз бәрібір оның
ойында болады; және барлық тілде өз атынан сөйлеген кезде, өзі туралы осы түсінікті
(Iеһһеit) ерекше сөзбен білдірмегенмен де, ылғи да осы Менді ойлау қажет болады. Бұл
қабілет (атап айтқанда ойлау қабілеті) пайым болып табылады.
Бірақ бір қызығы, сөйлеуге біршама дағдыланып қалған бала өз атынан біршама кеш
(кейде бір жылдан соң) сөйлей бастайды, ал оған дейін өзі туралы үшінші жақта сөйлейді.
("Карлдың тамақ ішкісі, серуендегісі келеді" ж.т.т.); өз атынан сөйлей бастаған кезде,
оның көзі ашылғандай болады. Осы күннен бастап ол ешқашанда бұрынғы сөйлеу үлгісіне
қайта оралмайды. — Бұрын ол өзін тек сезінетін, қазір ол өзін түсінеді. Бұл құбылысты
түсіндіру антропологтарға өте қиын.
Баланың туғаннан кейінгі жылдың алғашқы ширегінде не күле, не жылай алмауы да, оның
сана-сезімі бар екендігін көрсететін реніш пен әділетсіздік туралы кейбір түсініктердің
дамуына байланысты сияқты. — Егер де ол осы уақыт ішінде көз алдына тосқан
жылтыраған заттарға қарай бастаған болса, онда бұл өздерін, қабылдауларды (сезімдік
елесті ұстауды), сезілетін заттарды [сыртқы] тануға дейін, яғни тәжірибеге дейін
кеңейтуді нысана еткен қабылдаулардың дамуының басталуы.
Әрі қарай, сәби бала сөйлеуге талпына бастаған кезде, оның анасы мен күтушісіне қызық
болып көрініп, оны үнемі аймалауға, сүюге, оның кез келген еркелігін көтеріп, кез келген
тілегін орындауға себеп болатын, сөйтіп, оны титтей ғана тиранға айналдыратын сөздерді
бұзып айтуын — кішкентай ғана тіршілік иесінің адамға айналу шағындағы сүйкімділігін,