93
дамымағандығынан дұрыс көрініс бермейді дегенді комму-
нистер дұрыс айтады. Коммунизм заңы бойынша өмір сүруге
болады. Бірақ ол тек материалдық негізге байланысты емес
қой. Коммунизм адамның рухани ішкі əлемінде орнауы керек
алдымен. Əрбір адам періштедей таза болғанда ғана комму-
низм болуы мүмкін. Ал, олай болуы мүмкін емес. Сондықтан
коммунизмге сенуге болмайды. Сондықтан өлу керек болса да
өз дегеніме жетпей қоймаймын».
Қауіпсіздік комитеті мен милициядан шыққаннан кейін
Азамат осындай ойға мықтап табан тіреді.
Ол ойлағандай болды... 1978жылдың 26 қаңтарында күндізгі
сағат үште оны үйінен ұстап алып кетті. Үйіне тінту жүргізді.
Осыдан кейін Азамат үйіне қайта оралған жоқ. Қамауға алын-
ған Азамат Жəкібаевтың Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті
Алматы облыстық басқармасының қылмысты істер тексеру
бөлімінің тергеушісі В.И.Гаринге берген жауаптарынан (№22-
0900- іс).
...Сұрақ:
170-1 бап бойынша сіз өзіңізді айыптымын деп
мойындайсыз ба?
Жауап:
Иə, мен өзімді 170-1 бап бойынша толықтай кінəлі-
мін деп санаймын.
Сұрақ:
Ашығырақ айтып түсіндіріңізші, неліктен кінəлімін
деп санайсыз?
Жауап:
Кінəлі екенімді ашып айтсам, біздің елдегі социалис-
тік құрылысқа жəне өзімнің жеке өмірімдегі жағдайыма риза
еместігімнен, кеңес мемлекеті мен қоғамдық құрылысты жа-
мандау мақсатымен листовкалар дайындап, соларды тараттым.
Жəне мұның менің жасаған себебім, өзімді «саяси қылмыскер»
ретінде Кеңестер Одағынан кетейін дедім...
(Екінші алынған жауаптан, 1 ақпан, 1978 ж.)
* * *
...СҰРАҚ:
Сізден алынған бір дəптерге «Капиталистік ел-
дегі адамдар тағдыры туралы жинақ» деп жазыпсыз. Қашан
жəне неге байланысты жаздыңыз?