143
ҚАБЫСУ МЕН ЖАНАСУДА НЕМІЗ БАР?
Орыс мектептеріндегі қазақ тілінің оқытылуы жайында
Сіз орыс досыңызға жолығып қалғанда, «іліктес сала-
лас құрмалас сөйлемдер» төңірегінде əңгімелесесіз бе? Əлде
синтаксистегі қабысу мен жанасудың ережелеріне назар ауда-
расыздар ма? Күлкі тудырарлық-ақ жəйт. Ендеше, үш-төрт сөз-
ден құралатын жай сөйлемнің өзін айта білмейтін адамға
«қарсылықты бағыныңқылы сабақтас құрмалас» сөйлемдерді
оқытып, тіл үйретіп жатырмыз деп, өзімізді-өзіміз неге алдай-
мыз?! Нан тауып жеудің амалы іспетті, көзбояушылыққа салып,
мемлекеттік тіліміздің өрісін тарылтқанды қояр уақыт жет-
кен сияқты. Жоғарыда айтылған əңгімелерді орыстілді адам-
дар түгілі, таза қазақпын дегендердің өзі əрең меңгеретіндігін
мойындағанымыз жөн шығар. Оп-оңай нəрсені күрделендіріп,
«қытай тілін үйренгенмен бірдей» дегенге əкеліп тірелгеннен
кім не ұтты? Біздің ең үлкен кемшілігіміз – барлық ісіміздің қа-
ғаз жүзінде қалып қоятындығы десек, оған мектеп қабырғасы-
нан бастап солай үйретіп жүрген өзіміз кінəліміз.
Меніңше, қазақтың тілге бай екендігін дəлелдеп, үйреткің
келсе, өз балаңа үйрет, ал орыстілді көпшілікке тек қарым-қа-
тынас құралы ретінде меңгерте алсаң да, атыңның бəйгеден
келгені. Күнделікті тұрмыста қарым-қатынас тілі ретінде қол-
данылмайтын тілге жойылу қаупі төнерін біле тұра, селт ет-
пеуі – қазақ халқына жасалынып жатқан опасыздық сияқты.
Жалпы орта білім беретін мектепте (орыс) грамматика-
ны терең үйретіп шығарамын деу – аюға намаз үйреткенмен
бірдей. Қоғам үшін, ең алдымен, сөйлеу тілі қажет? Ондай
рөл атқара алмаған тілдің эсперанто немесе латын тілдерінен
айырмашылығы жоқ. Өзіңіз айтыңызшы, қағазда қалған тілдің
қаншалықты қажеті бар? Егер сол ғана керек болса, Конститу-
циямызда «мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айғайлап-ақ тұрған
жоқ па?! Одан не өзгеріп жатыр! Мəселе тілдің грамматикасын
емес, қолданыс аясын кеңейтуде болып тұр. Грамматиканың
егжей-тегжейін қазақ мектептеріндегі бүлдіршіндердің сыба-
ғасына қалдыру қажет.