Қазақстанның ашық кітапханасы
10
Сұспай жалғыз барасың,
Қане шыққан мүйізің?!
Елу беске келгенде,
Топқа бардың бой түзеп,
270
Дауға бардың тіл безеп,
Билік сұрадың бір кезек,
Қане шыққан мүйізің?!
Алпыс беске келгенде,
Сақал-мұртың қуарып,
Бойға біткен тамырдың
Бәрі бірдей суалып,
Алайын деп тұрмысың,
Мені көріп қуанып?!
Өлтірсең де тимеймін,
280
Теңдік берсең, сүймеймін.
Бұрын батыр болсаң да,
Сенің басың бұ күнде
Жерде жатқан қу тезек.
Сонда Қожақ ойлады: «Бұ ғой менің бес жасымнан елу бес жасыма келгенше, менің не
қылғанымның бәрін де тапты. Енді тап менің өзімнің қасымда жүргендей асылзада
патшаның баласы тағы енді менің бұ елу бес жасыма шейін не қылғанымды тапқанда,
алпыс жасымдағымды таппай ма? Мұны мен алсам, обалына қалады екенмін», – деді.
«Енді бұ асылзаданың баласының тапқан сөзін таппады демеймін», – деді, – мұны өзінің
сүйгеніне қосайын!», – деді де, Тарғын батырға қосты да қоя берді. – Барыңыз, менен
озған дәурен екеуіңізге құтты болсын! – деп.
Тарғын ол қызды алып, сол кеткеннен кетіп, Еділдегі Орманбеттің он сан ноғайына барды.
Он сан ноғайдың он ханы бар еді, сол он ханның ішінде бір Ханзада деген ханы бар еді.
Сол ханның қол астына барып бір бидің үйіне қонып еді. Би мұнан сұрады: – Сіздің
асылыңыз кімнен? – деді. Тарғын айтты: – Біздің асылымыз қырғыздан, – деді. Әмә, бұ
уақытта асылым қырғыздан болса да, Қырым жұртына жақынбыз – деп. – Олай болса
сіздің атыңыз кім? – деді. Сонда Тарғын айтты: – Менім атым – Тарғын, – деді. Ол би
айтты: – Қасыңдағы жолдасың кім? – деді. Тарғын айтты: – Жолдасым – Ақшаханның
қызы Ақжүніс сұлу, – деді. Бек айтты: – Ақшахан патшаның қызы Ақжүніс сұлу бұ болса,
сахараға шығып, жұрт асып жүргені не себептен? – деді. Сонда Тарғын айтты: – Мен
алып қашып жүрмін, – деді. Онда бек айтты: – Ақжүністей сұлуды алып қашып
жүретұғын сен қай Тарғынсың? – деді. Онда Тарғын айтты: – Олалай ханның Торғауыт
деген жұртын харап еткенмін, – деді. Енді бек бұларды бегрек те сыйлады. Сыйлаған
себебі, мұның ерлігін есіткені бар еді, соның үшін сыйлады. Онан соң бұл бек Ханзада
ханға барып мағлұм қылды. Хан есіткеннен соң, Тарғын менен Ақжүністі шақыртып
алып, бір алтын сарайдың ішіне кіргізді де, хан бекке айтты: – Бұл батыр Ақжүністің
қасында он күн, он бес күн отырған соң, жұртын, тағы батырларын, мырзаларын,
шораларын сағынар, онан соң бұ дертті болар, іші шерлі болар. Бұл батырға менім
қоластымдағы батырларымды, шораларымды, аралатып көрсетіп, үйір қыл! Сүйтіп
аралатып болған соң, Ақжүністің қасына алып кел, сонан соң ол мұндағы жақсыларды
көріп, таныс болған соң, өз жұртын сағынбас, – деді. Сонан соң бұ бек ханның жарлығы
бойынша Тарғын батырды жұртын аралатып, жақсыларын көрсетіп таныс қылып ханға
алып келді де, үйіне кіргізді. Бұ Тарғын батыр жұртты аралап қайтып келген соң, барша
Ханзада ханның батырлары, мырзалары, жақсылары жиылып хандарына келіп, ханменен
мәслихаттасып, сөйлесіп, Тарғынның ерлігін, батырлығын ханнан сұрап білді. Сонда