Қазақстанның ашық кітапханасы
ӘЛЕМДІК САЯСАТТАНУ АНТОЛОГИЯСЫ
Вильфредо ПАРЕТО
Әлеуметтану теорияларын қолдану туралы
(1848-1923) итальян экономисі және әлеуметтанушысы, "қарекеттің волюнтаристік
теориясының " негізін қалаушылардың бірі. Тепе-теңдік теориясына қосқан үлесі үшін
математикалық экономист ретінде белгілі болған Парето өмірінің ақырына дейін
әлеуметтанумен айналысып, 1916 жылы ең мағыналы еңбегі - "Tractate di so-ciologia
generate" атты төрт томдық еңбегін жариялады. Соның арқасында Парето көзі тірісінде
кеңінен белгілі болды да, сол даңқтың жаңғырығы бүгінге дейін жетті. Ол "элита " сөзін
көпшілікті билейтін азшылық жөнінде бірінші болып қолдануымен де белгілі. Ол сондай-
ақ әлеуметтік жүйелер теориясын дамытуға алғаш ықпал етушілердің бірі. Әлеуметтануда
Парето жақсартуы, Парето оңтайластыруы, Парето принципі деген терминдер
қолданылады. Парето принципі үш топшылауға негізделген: әрбір индивид өз дәулетін
бәрінен жақсы бағалай алады; әлеуметтік әл-ауқат дегеніміз тек қана индивид әл-
ауқатының функциясы; егер бір индивидтің әл-ауқаты жақсара түсіп, ешкімнің әл-ауқаты
нашарламаса, мұндайда әлеуметтік әл-ауқат арта түседі. Бұлар оның дәулеттілік
экономикалық теориясын құрайды. Әлеуметтанушылардың көпшілігі бұл теорияға қарсы,
олардың негізгі уәжі - онда ресурстарды бастапқы бөлу ауызға алынбаған.
Бұл жұмыстың әбден-ақ объективті міндеті бар, ол - кейбір әлеуметтану теорияларын
фактылармен тексеру.
Әлеуметтану және саяси экономия бойынша жұмыс атқаратын зерттеушінің, әдетте, өзі
бағдар тұтатын және қорғауға бел байлаған кейбір практикалық ұстанымдары болады.
Мен мұнан жазғыратын ештеңе көріп тұрған жоқпын, бірақ оқырманға ескертейін дегенім,
бүл менің жолым емес. Сондай-ақ баяндаудың мұндай мәнері, автор сөзін көбіне олардың
тіндік мағынасынан тыс түсіне бастауға жетелейтінін ескерте кетуді де қажет деп
санаймын. Мәселен, егер әлдебір автор А теориялық жүйесіндегі жекелеген қателерді
көрсетсе, оны осы жүйенің қарсыластарының қатарына қосады, кейде тіпті А теориялық
жүйесіне қарама-қарсы В жүйесінің жақтасы деп ойлайды.
Мәселен, айталық, жалпыға бірдей сайлау құқығы жүйесіндегі кемшіліктерді байқаған
адамды сайлау құқығын шектеуді жақтайтын адам деп күдіктенеді; демократияның кем-
кетігі туралы жазғанды биліктің аристократиялық жүйесінің қолшоқпары деп ойлайды; ал
монархияның жекелеген абзал жақтарын атап өтсең, сөз жоқ республиканың жауы деп
қабылдауы мүмкін және керісінше. Бұл орайда сипаттағы кез-келген пікірге неғұрлым
жалпы мағына беріледі. Осы тұрғыдағы операциялар әрдайым өрескел бола бермейді,
кейде, белгілі бір мөлшерде олар орынды болады, өйткені автор көбіне тура пошымда
жеткізгенінен көбірек нәрсені меңзейді. Бірақ көркем әдебиет үшін құптайтын бұл сипат,
ғылым үшін орынды бола бермейді. Сондықтан да мен бұл жердегі барлық ойлардың тура
мағынасынан басқа ешқандай астары жоқ екенін, олар неғұрлым кең мағынада
түсінілмеуге тиіс екенін ескерткім келеді.
Мен зерттеуде өткен тарих фактыларын қарастырумен иеліктен шектелмей, өз
заманымыздың фактыларына жүгінетінімді қысқаша түсіндіре кету керек. Өткеннің
фактыларының құндылығы ерекше, тіпті өте зор екені даусыз, өйткені біз оларды
неғұрлым байыпты, неғұрлым әділ, бір жақты, өз сезімдерімізге кереғар келе бермей
қарастыра аламыз. Бірақ, бұл фактыларды біз жеткілікті білмейтін болсақ оларға жүгіну
елеулі қиындықтар туғызып, жаңсақтықтарға жетелейді. Сонда олардың зор құндылығы